Исраил Сапарбай – Әмір Темір

«Әмір Темір» – Темір жайында жазылған деректі шығармалардың
ішіндегі ең шымыр да жұмыр нұсқасы. Әйгілі жаһангердің өз атымен
жазылған бұл дүниені шын мәнінде оның өзі жаратты ма, жоқ әлде
жанындағы шежіресі тарапынан жүзеге асты ма – ол жағын тап басып
тауып айту қиын. Әйтсе де, тарихи маңызы, ғұмырлық дерегі және
көркемдік кестесі, танымдық табиғаты жағынан келсек, ол Шыңғысхан
жайындағы «Моңғолдың құпия шежіресінен» бір де кем емес. Бас-аяғы
екі бөлімнен тұратын бұл жазбадан оқушы Әмір Темірдің өмір сапары,
жорық жолдары, әскери амал-әдісі, ұлдары мен немерелеріне қалдырған
ғибраты мен аманаты хақында жеткілікті мағлұмат алады.